11-сыныпқа арналған «Қазақ әдебиеті» электрондық оқулығы (ЭО) Қазақстан Республикасының жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты мен мектеп оқу бағдарламасына сәйкес жасалған. Оқулық «20–30 жж. және соғыс кезеңінен кейінгі жылдардағы әдебиет» модулі бойынша «Мен қазақпын», «Өткенді білмей, болашақты болжау қиын», «Әлеуметтік теңсіздік», «Әлемді әлдилеген – ана», «Суырылып топтан озған жүйрігім-ай», «Ерлік елдікке жеткізер», «Отансыз адам – ормансыз бұлбұл», «Ұлы даланың ұлылары» мазмұнында берілген. Берілген оқу материалдары, әдебиет теориясы, әдеби жанрлар түсініктемесі диктордың мәнерлі оқып-дыбыстауымен сүйемелдене отырып, мультимедиалық анимациялардың және бейнетізбектердің көмегімен түсіндіріледі. Оқушылар 18 түсініктемені қажетті оқу материалдарын толық оқып-меңгергенше бірнеше рет қайталап тыңдай алады. Оқулықтан қазақтың 33 майталман ақын-жазушыларының шығармалары мен өмірбаяндарын оқуға болады. Сонымен бірге бейнефильмдерді көріп, олардың мұражайларына саяхат жасауға, онда сақталған құнды мұрағаттармен танысуға болады. Электрондық оқулықта оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту үшін таңдаған 8 тақырыбына шығарма және 8 ойтолғау (эссе) жазып, алған білімдерін пысықтап, қорытындылауларына мүмкіндік жасалған. Оқулықтағы 40 интерактивті тапсырмалар мен күрделілігіне қарай үш деңгейлі 400 және ҰБТ-ға дайындыққа арналған тестілеу жұмыстарын орындау арқылы оқушылар алған білімдерін өздері бағалай алады. «Қазақ әдебиеті» электрондық оқулығы оқушыларға мектепте қазақ әдебиеті сабағында немесе үйде өз бетінше жұмыс істеу үшін пайдалануға ұсынылады.